Мұнайшылар наразылығы. Астанада не болып жатыр?

Мұнайшылар министрлік алдына түнеп шықты


11/04/2023
13:23 19465 0

 

Жаңаөзендік мұнайшылар Астанаға келіп, министірлік кеңсесі алдына түнеп шықты. Олар жалақы мен жұмыс мәселесін шешуді талап етуде. Бірақ энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мұнайшылар елордаға өздеріне назар аударту үшін келген деп есептейді. 

 

10 сәуірде «БерӘлі Маңғыстау Company» кәсіпорнынан жұмыстан қысқарып қалған 82 жұмысшы Астанаға келіп, «ҚазМұнайГаз» басшылығы мен энергетика министрлігінен жұмыс мәселесін шешіп беруді талап еткен. 

 

Vlast.kz басылымының мәліметінше, бүгін, 11 сәуірде наразылармен сөйлесуге «ҚазМұнайГаз» компаниясының өкілі Болат Абдрахманов шыққан. Ол келіссөз жүргізу үшін мұнайшылардан топ құруды сұраған. Осыдан кейін оншақты жұмысшы компания кеңсесіне келіссөз жүргізуге кірген. Олар келіссөзге журналистерді де кіргізуді сұраған. Бірақ Болат Абдрахманов келіссөздің жабық есік жағдайында өтетінін айтқан. 

 

Бұның алдында «ҚазМұнайГаз» компаниясы наразы мұнайшылардың талабын орындау мүмкін еместігін айтып, мәлімдеме таратқан. 

 

– Жиналғандар «БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлері. Бұл компания «ҚазМұнайГазға» еншілес «Өзенмұнайгаз» жариялаған тендерде жеңіліп қалған. Біз 1 сәуірде орташа 700 мың теңге жалақымен басқа кәсіпорынға жұмысқа орналасуды ұсынғанбыз. Бірақ «БерӘлі Маңғыстау Company» бұрынғы жұмысшылары одан бас тартып, тендерді қайта өткізуді талап етті, – делінген мәлімдемеде. 

 

Су жаңа энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мұнайшылар наразылығын «назар аударту және ажиотаж жасау үшін жасалған акция» деп атады. 

 

– Менің түсінігімде, бұл өздеріне назар аударту мен ажиотаж жасаудың амалы. Бұл мүмкін мемлекеттік органның жұмысына кедергі келтіру үшін жасалған. Біздің қызметкерлеріміз жұмысқа кіре алмай жатыр. Біз ашық диалог жасауды қолдаймыз. Біз қазірдің өзінде көп дүние жасадық, – деді министр журналистерге берген жауабынды.

 

«Өзенмұнайгазға» еншілес «БерӘлі Маңғыстау Company» кәсіпорнында жұмыс істеген 100-ден астам мұнайшы 1 сәуірден бастап табыссыз қалғанын айтып, тұрақты жұмыс талап етіп келеді. Олар алдымен Жаңаөзен әкімдігіне және «Өзенмұнайгаз» компаниясына барып, бірнеше күн наразылық білдірген. Кейін мәселе шешілмеген соң, 80-нен астам жұмысшы пойызбен Астанаға жолға шыққанын хабарлаған.

Биыл сәуірде «Өзенмұнайгаз» компаниясы тендер жариялап, бұл тендерді «Кезби» серіктестігі жеңіп алды. Ал «Өзенмұнайгаз» бен «БерӘлі Маңғыстау Company» компаниялары арасындағы келісімшарт тоқтаған. Осыдан соң Жаңаөзенде 100-ден астам адам жұмыссыз қалды.

Поделиться

Нет комментариев.

11/04/2023 13:23
19465 0

Уведомление